Уразбахтин Сәтбаевтың «Челси» сапындағы дебютіне баға берді

Фото: Getty Images
«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Дастан Сәтбаевтың «Челси» сапындағы дебюттік ойыны туралы пікірін білдірді. Алматы клубының түлегі «Вестерн Сидней Уондерерсқа» қарсы кездесуде ойынның алтыншы минутында-ақ гол соқты.
Маманның айтуынша, матчты «Қайраттың» тек футболшылары ғана емес, бүкіл бапкерлік штабы мұқият бақылаған. Уразбахтин Сәтбаевтың голы олар үшін күтпеген жағдай болмағанын, керісінше, өткен жылғы шешімдердің дұрыстығын дәлелдегенін айтты.
«Академияда, барлық жасөспірім командаларда ол таза «тоғыздық», яғни шабуылшы болып ойнады. Ал бізде оны сол қапталда пайдаландық. Дастан үшін бұл жаңа тәжірибе болды. Мүмкін, ол жерде әрдайым өзін жайлы сезінбеген шығар. Соған қарамастан, сол позицияда ойнауға тырысты. Ұлттық құрамада да оны сол жақ қанатта қолданды. Кеше бапкерлік штабпен бірге “оны сол жерде пайдаланғанымыз қандай жақсы болған” деп ойладық. Оның сол позицияда тәжірибе жинақтағанына қуаныштымыз. Дастан өзіне тән мәнерде гол соқты. Егер Сәтбаев орталықта, бос кеңістікте доп алса, оны тоқтату қиын. Бізде ол дәл осындай голдарды өте көп соққан», – деді Уразбахтин «Чемпионатқа» берген сұхбатында.
Еске салайық, Дастан Сәтбаев «Челси» сапындағы дебютін 28 шілде күні австралиялық «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы жолдастық кездесуде өткізді. Қазақстандық шабуылшы негізгі құрамда алаңға шығып, алтыншы минутта-ақ лондондық клуб жейдесіндегі алғашқы голын соқты.
Қорытындысында «Челси» 6:4 есебімен нәтижелі жеңіске жетті. Сәтбаев голдан бөлек, тағы бір шабуылға қатысып, нәтижелі пастың алдындағы шешуші пас берді.