Уразбахтин «Сутьесканы» 2:0 есебімен жеңген ойынға пікір білдірді

Бегасыл Амирбай ··
«Қайрат» ФК

«Қайрат» ФК

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта черногориялық Сутьеска командасын 2:0 есебімен жеңген ойынға пікір білдірді.

Алматылық ұжым сапында голдарды клуб түлегі Исмаил Бекболат пен португалиялық Жоржиньо соқты.

«Келесі кезеңге өткенімізге қуаныштымыз. Оңай болған жоқ. Үйдегі матч та қиын өтті, бұл ойын да ауыр болды. Қарсылас өте сауатты қорғанды. Олар Алматыдағыдай ойын үлгісін сақтады. Біз оларды агрессивті ойнайды деп күткен едік. Бірінші таймда ойынымыз жүрмеді.

Бұл да қарсыластың еңбегі шығар. Олар өте жинақы ойнады, сондықтан айып алаңына ену қиын болды. Ұзын пастарды қолдануға тырыстық, бірақ бәрі бірдей дәл бола бермеді. Осындай қателіктерден кей ойыншыларда қобалжу пайда болды.

Үзіліс болғаны жақсы болды. Киім ауыстыратын бөлмеде жігіттерді тыныштандырып, түзетулер енгіздік. Ұзын пастардан бас тартып, комбинациялық ойынға және допты бақылауға көшуді сұрадық. Гуаль, Жоржиньо, Яакко және Ойва белсендірек ашылғанын қаладық. Соның нәтижесінде бәрі ойдағыдай болды. Бірінші голды эпизодты соңына дейін жеткізген Исмаил Бекболат соқты. Ол өте маңызды еңбекпен келген гол болды», – деді Уразбахтин матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің екінші турында Қайрат кипрлік «Омония» клубымен кездеседі. Ойындар 21 және 28 шілдеде өтеді.