Уразбахтин «Тобылдан» жеңілгені туралы: «Біз шапалақ жеп, қатты ұятқа қалдық»

Бекарыс Әлімхан··
«Қайрат» ФК

«Қайрат» ФК

«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аясында «Тобылдан» 1:4 есебімен жеңілгеннен кейін пікір білдірді.

«Тобыл» сапында Урош Милованович дубль жасаса, Виталий Лисакович пен Луис Гуэрра бір-бір голдан соқты. «Қайраттың» жалғыз голын Марк Гуаль өз атына жазды.

«Мұнда көп нәрсе айтудың қажеті жоқ. Бүгін біз жақсылап шапалақ жеп, қатты ұятқа қалдық. Бұл жеңіліс үшін жауапкершілікті толық өз мойныма аламын. Құрамға кейбір өзгерістер енгізу керегін ішкі түйсігім сездірді. Алайда «жеңіске жеткен құрам өзгермейді» деген стереотипке еріп кеттім. Сондықтан бұл жеңіліске толықтай өзім жауаптымын.

Бірақ маңыздысы – соққыны қалай қабылдағаның емес, одан кейін күресті жалғастырасың ба, әлде шетке ығысып кетесің бе. Қалай болғанда да, бұл жеңіліс бізді күшейтеді деп ойлаймын. Күресті жалғастырып, соңына дейін шайқасатынымызға уәде бере аламын. Қазір жігіттермен осы туралы сөйлестік. Бұл – ауыр жеңіліс. Бірақ бүгін қарсыласқа тым көп мүмкіндік бергенімізді мойындауымыз керек. Нәтиже осы», – деп келтіреді Уразбахтиннің сөзін клубтың баспасөз қызметі.

Жеңілістен кейін алматылық клуб 57 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесінде екінші орында тұр. Көш бастап тұрған «Ордабасы» Қазақстанның қазіргі чемпионынан бір ұпайға алда.

Уразбахтин «Тобылдан» жеңілгені туралы: «Біз шапалақ жеп, қатты ұятқа қалдық» – sport-hub