«Үш баламыздан айырылдық»: Сәкен Бибосынов алғаш рет әке атанып, отбасындағы қайғылы жағдайды айтты

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов алғаш рет әке атанды. Қазақстандық боксшы перзентханадан отбасылық суреттерін жариялап, көптен күткен қуаныштың артында жылдар бойғы үміт, ауыр сынақтар мен орны толмас қайғы жатқанын айтты.
Спортшы Instagram парақшасында бұған дейін жұбайы екеуі үш сәбиінен айырылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан ерлі-зайыптылар бір күні өз перзенттерін бауырына басатынына сенуден танбаған.
«Аллаһу әкбар! Ұлды болдық! Бұл қуаныштың артында ешкім білмейтін көз жасы, ұйқысыз түндер мен дұғалар жатыр. Осындай бақытқа жеткенше талай сынақтан өттік. Үш баламыздан айырылдық. Олардың әрқайсысы жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар», – деп жазды Бибосынов.
Боксшы жұбайы екеуі бастан кешкен қайғысын өзгелерге көрсетпеуге тырысқанын айтты. Қиын кезеңнен өтуге оларға сенім, сабыр мен үміт көмектескен.
«Біз үнсіз жыладық, бар қайғымызды ішімізге сақтадық. Бірақ Аллаға деген сенімімізді жоғалтпадық. Дұға еттік, күттік, үміттендік. Бүгін сол дұғаларымыздың бірі қабыл болғандай. Алланың қалауымен ұлымыз дүниеге келді! Енді оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт», – деді спортшы.
Сонымен қатар Бибосынов ұлының дүниеге келуі бұрынғы қайғыны ұмыттырмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, өмірден өткен үш сәбиінің әрқайсысы отбасының жүрегінде мәңгі сақталады.
Жазбасының соңында әлем чемпионы ұл сыйлағаны үшін Жаратқанға шүкіршілік айтып, сәбиіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Сондай-ақ перзент сүюді армандап жүрген барлық отбасына қолдау білдірді.
Еске салайық, 29 жастағы Сәкен Бибосынов – бокстан екі дүркін әлем чемпионы және 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.
Қазақстандық спортшы кәсіпқой рингте де өнер көрсетіп жүр. Ол осы уақытқа дейін үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
Қазан айында Бибосынов жаттығу кезінде омыртқасынан ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен болатын. Соның салдарынан ол Таразда өткен Қазақстан чемпионатына қатыса алмады.
Соңғы кәсіпқой жекпе-жегін боксшы 28 тамызда Астанада өткізіп, Намибия өкілі Иммануэль Джозефті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.