Василий Жировтың «алтыны» және Қамшыбек Қоңқабаевтың «қола» жүлдесі: спорт тарихындағы бұл күн

ЖИ
4 тамыз спорт тарихында қазақстандық боксшылар Василий Жиров, Болат Жұмаділов және Қамшыбек Қоңқабаевтың Олимпиада медальдарымен, сондай-ақ Лондон Олимпиадасындағы Серена Уильямс пен Майкл Фелпстің жарқын жеңістерімен есте қалды.
Қазақстан
Василий Жиров пен Болат Жұмаділовтің Атланта Олимпиадасындағы жеңісі
1996 жылы осы күні Атлантада XXVI жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада еді. Қазақстан спортшылары үш алтын, төрт күміс және төрт қола медаль жеңіп алып, жалпы медаль есебі бойынша 24-орынға тұрақтады.
Дәл 4 тамызда қазақстандық боксшылар Василий Жиров (81 кг) мен Болат Жұмаділов (51 кг) Олимпиада жүлдегерлері атанды. «Балқаш жолбарысы» атанған Жиров финалда оңтүстіккореялық Ли Сын Бэге қарсы шығып, 17:4 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Ал Болат Жұмаділов кубалық Майкро Ромеродан 11:12 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Алтын медальмен бірге Василий Жиров Олимпиада турнирінің ең шебер боксшысы ретінде беделді Вэл Баркер кубогын алды.
Қамшыбек Қоңқабаев қазақстандық бокс тарихына енді
2021 жылы осы күні Қазақстан бокс құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасында (+91 кг) қола медаль жеңіп алды.
Жартылай финалда ол америкалық Ричард Торрес кішімен жұдырықтасты. Кездесу үшінші раундта Қоңқабаевтың қабағы жарылғанына байланысты тоқтатылды.
Әлем
Эстониялық балуанның бірегей жетістігі
1936 жылы осы күні эстон балуаны Кристьян Палусалу Берлин Олимпиадасында еркін күрестен алтын медаль жеңіп алды. Келесі күні ол грек-рим күресінен де чемпион атанып, екінші алтын жүлдесін иеленді.
Осылайша Палусалу бір Олимпиада ойындарында ауыр салмақта әрі еркін, әрі грек-рим күресінен екі алтын медаль алған тарихтағы жалғыз балуан атанды.
Берлин Олимпиадасының тарихи сәттері
1936 жылы осы күні америкалық жеңіл атлет Джесси Оуэнс Берлин Олимпиадасында 4×100 метрлік эстафетада өзінің төрт алтын жүлдесінің үшіншісін жеңіп алды.
Оның Адольф Гитлердің көз алдында қол жеткізген жеңісі «арийлердің үстемдігі» туралы нәсілшіл теорияны жоққа шығарған тарихи оқиға болды.
Жеңіл атлетикадан Олимпиада жүлдесін алған алғашқы франциялық әйел
1948 жылы осы күні француз жеңіл атлеті Мишелин Остермайер ядро лақтырудан 13,75 метр нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды және сол сәтте Олимпиада рекордын жаңартты.
Лондон Олимпиадасында Остермайер барлығы екі алтын және бір қола жүлдеге ие болды. Қызықты дерек: ол француз жазушысы Виктор Гюгоның жиеншары және композитор Люсьен Лароштың жиені болған.
Спорттық мансабын 1950 жылы аяқтағаннан кейін Остермайер кәсіби пианист болып, ұстаздық қызметпен айналысты.
Серена Уильямс мансаптық «Алтын дулыға» иеленді
2012 жылы осы күні америкалық аңыз теннисші Серена Уильямс Олимпиада ойындарында жекелей сында алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол ресейлік Мария Шарапованы 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін Серена Уильямс мансаптық «Алтын дулыға» иегері атанды. Бұл жетістікке төрт «Үлкен дулыға» турниріндегі жеңістер мен Олимпиада алтыны кіреді.
Майкл Фелпстің тарихи жетістігі
2012 жылы осы күні америкалық жүзгіш Майкл Фелпс мансабындағы 18-ші Олимпиада алтынын жеңіп алды.
Ол Лондон Олимпиадасында 4×100 метрлік кешенді эстафетада АҚШ құрамасына жеңіс сыйлап, осы ойындардағы төртінші алтын медалін иеленді.
Осы күні дүниеге келгендер:
1939 жыл – Олег Зайцев, кеңестік хоккейші, КСРО спорт шебері, екі дүркін Олимпиада чемпионы (Инсбрук-1964, Гренобль-1968).
2004 жыл – Пань Чжаньлэ, қытайлық жүзгіш, Париж Олимпиадасының екі дүркін чемпионы және күміс жүлдегері.