«Вольфсбург» 29 жылдан кейін алғаш рет Бундеслигадан шығып қалды

Фото: Swen Pförtner / DPA
«Вольфсбург» футбол клубы 2025/2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша Германия Бундеслигасынан шығып қалды.
Элиталық дивизиондағы орнын сақтау үшін өткен қарымта тоғысу ойындарында команда «Падерборннан» 1:2 есебімен жеңілді.
Матчтың 3-минутында «Вольфсбург» шабуылшысы Дженан Пейчинович есеп ашты. 38-минутта Филип Билбия таразы басын теңестірді. Негізгі уақыт тең аяқталып, жеңіс голын 100-минутта Лаурин Курда соқты. Екі команда арасындағы алғашқы кездесу 0:0 есебімен аяқталған еді. Екі матч қорытындысы бойынша Бундеслига жолдамасын «Падерборн» жеңіп алды.
«Вольфсбург» үшін бұл 1996/1997 жылғы маусымнан кейінгі элиталық дивизионнан алғашқы рет ұшып кетуі. Бундеслигаға қайта оралғаннан кейін клуб Германияның жоғары лигасында шамамен 30 жыл үздіксіз өнер көрсеткен еді.