WTA қорытынды турнирінде төрт матчболды қайтарған жұп керемет камбэк жасады

Фото: WTA
АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде франциялық Кристина Младенович пен қытайлық Го Ханьюй төрт матчболды қайтарып, сенсациялық жеңіске жетті.
10 қарашада жұптық сындағы топтық кезеңде Младенович пен Го Ханьюй Қытайлық Тайбэй өкілі Се Шувэй және латвиялық Елена Остапенкодан құралған жұппен кездесті.
1 сағат 32 минутқа созылған тартысты матч франциялық-қытайлық жұптың жеңісімен аяқталды – 3:6, 6:1, 12:10.
Алғашқы сетте Се Шувэй мен Остапенко үш брейк-пойнтты пайдаланып, 6:3 есебімен басым түсті. Алайда екінші партияда Младенович пен Го Ханьюй ойын тізгінін өз қолына алып, қарсыластарына небәрі бір гейм берді.
Жеңімпаз шешуші супер-тай-брейкте анықталды. Онда Се Шувэй мен Остапенко бірден 6:0 есебімен алға шығып, кейін басымдығын 8:2-ге жеткізді.
Осы сәтте олардың жеңісі күмән тудырмағандай көрінді. Дегенмен Младенович пен Го Ханьюй есеп айырмасын қысқартып, ойынға қайта оралды.
Франциялық-қытайлық жұп төрт матчболды, оның ішінде 6:9 есебіндегі үш матчболды қайтарып, супер-тай-брейкте 12:10 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу барысында жеңімпаздар 17 нәтижелі соққы жасап, 20 мәжбүрсіз қателік жіберді. Сондай-ақ жеті брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Ал Се Шувэй мен Елена Остапенко да 17 нәтижелі соққы жасағанымен, 28 мәжбүрсіз қателікке жол берді.
WTA қорытынды турнирі, жұптық сайыс, топтық кезең:
Кристина Младенович / Го Ханьюй – Се Шувэй / Елена Остапенко – 3:6, 6:1, 12:10.