XDS Astana Team «Сан-Себастьян классикасына» қатысатын құрамын жариялады

Фото: XDS Astana Team
XDS Astana Team маусымдағы ең беделді біркүндік веложарыстардың бірі «Сан-Себастьян классикасына» қатысады. Жарыс 1 тамыз күні Испанияда өтеді.
Команданың құрамына Клеман Шампуссан, Антон Кузьмин, Евгений Федоров, Кристиан Скарони, Марко Шреттль, Томас Сильва және Давиде Тонеатти енді. Қазақстан атынан Кузьмин мен Федоров жарысқа шығады.
Биыл «Сан-Себастьян классикасы» 45-рет ұйымдастырылады. Жарыс UCI WorldTour күнтізбесіне кіреді және дәстүрлі түрде маусымның екінші жартысындағы ең күрделі біркүндік бәсекелердің бірі саналады.
Қатысушылар 221,1 шақырымдық қашықтықты еңсереді. Бағыт Сан-Себастьян жолдарымен өтіп, жеті санаттағы өрмелеуді қамтиды, жалпы биіктік жиынтығы 4150 метрден асады. Сонымен қатар екі аралық спринт қарастырылған.
Әдетте жарыстың шешуші сәті соңғы бөлігінде анықталады. Қиын өрмелеулер сериясы күшін дұрыс бөле алған шабандоздарға ғана мүмкіндік қалдырады.
Жарысқа 25 команда және 175 велошабандоз қатысады. Қатысушылар арасында Әлемдік турдың 18 командасы, UCI рейтингі бойынша шақырылған үш ұжым және арнайы шақырту алған төрт команда бар.
Бейтарап старт жергілікті уақыт бойынша 11:05-те басталады, ал жеңімпаздың есімі Сан-Себастьян көшелеріндегі мәреде белгілі болады.