XDS Astana Team «Тур де Франс» жарысында қанша сыйақы алғаны белгілі болды

Фото: SprintCycling
Қазақстандық XDS Astana Team командасы 2026 жылғы «Тур де Франс» көпкүндік веложарысын 39 920 еуро көлеміндегі жүлдеақымен аяқтады.
Франциядағы әйгілі жарыстың 113-басылымының қорытындысы бойынша қазақстандық команда жүлдеақы көлемі жөнінен командалар арасында 12-орынға тұрақтады. Жалпы сомаға кезеңдердегі нәтижелер үшін берілген сыйақылар, түрлі классификациялардағы орындар және жарыс регламентінде қарастырылған бонустар кірді.
Ең көп жүлдеақыны UAE Team Emirates XRG командасы иеленді. Жалпы есептің жеңімпазы Тадей Погачардың ұжымы 832 750 еуро табыс тауып, өзге командалардан айтарлықтай озық болды. Екінші орынға Red Bull – BORA – hansgrohe (288 160 еуро), ал үшінші орынға Lidl-Trek (204 870 еуро) жайғасты.
2026 жылғы «Тур де Франс» жарысының жалпы жүлде қоры 2 300 600 еуроны құрады. Қорытынды нәтижелерден бөлек, ұйымдастырушылар көпкүндік жарыс барысында әртүрлі классификациялардың көшбасшы жейделерін, соның ішінде жалпы есеп көшбасшысының сары жейдесін иеленген велошабандоздарға да қосымша сыйақы төледі.
Жарыс қорытындысы бойынша 23 команда ақшалай сыйақы алды. Ең аз жүлдеақы Team Picnic PostNL командасына бұйырып, ол 12 770 еуро көлемінде табыс тапты.
2026 жылғы «Тур де Франстың» чемпионы UAE Team Emirates XRG сапындағы словениялық велошабандоз Тадей Погачар атанды. Бұл оның Франциядағы әйгілі көпкүндік жарыстағы бесінші чемпиондық атағы болды. Осылайша Погачар жарыс тарихындағы ең көп жеңіске жеткен велошабандоздардың рекордын қайталады.