Янник Синнер бес жыл бірге жұмыс істеген бапкерімен қоштасты

Фото: Getty Images
Әлемнің екінші ракеткасы Янник Синнер бапкерлер құрамында өзгеріс болатынын мәлімдеді.
Италиялық теннисші австралиялық маман Даррен Кэхиллмен ынтымақтастығы аяқталғанын растады. Екеуі 2022 жылдың жазынан бері бірге жұмыс істеп келген.
Кэхиллдің жетекшілігімен Синнер әлемдік теннистің үздік ойыншыларының біріне айналды. Осы кезеңде италиялық спортшы «Үлкен дулыға» турнирлерінде бес рет чемпион атанып, ATP қорытынды турнирінде екі мәрте жеңіске жетті. Сондай-ақ алғаш рет әлемдік рейтингтің көш басына көтерілді.
Осылайша, олардың қоштасуы Кэхиллдің бапкерлік мансабындағы және Синнердің кәсіби жолындағы ең табысты кезеңдердің біріне нүкте қойды.
Синнердің жаңа бапкері кім болуы мүмкін?
Британдық The Times басылымының мәліметінше, келесі маусымнан бастап италиялық теннисшімен швециялық маман Магнус Норман жұмыс істеуі мүмкін.
Алайда әзірге жаңа бапкердің тағайындалғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Синнер кортқа қашан оралады?
Қазан айында Янник Синнер тізесіндегі жарақатына байланысты 2026 жылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтайтынын хабарлаған еді. Теннисші толық емделіп, қалпына келуге басымдық беруді жоспарлаған.
Дегенмен кейін оның Six Kings Slam көрме турниріне қатысуы мүмкін екені белгілі болды. Аталған жарыс 27–30 желтоқсан аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтеді.