Юрген Клопп Германия құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалуға жақын

Бегасыл Амирбай ··
Фото:  «Ливерпуль» ФК  / Chris Shaw

Фото: «Ливерпуль» ФК / Chris Shaw

Англияның «Ливерпуль» клубының бұрынғы бас бапкері Юрген Клопп Германия ұлттық құрамасының тізгінін ұстауға негізгі үміткер болып саналады.

Журналист Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, Германия футбол одағы жақын уақытта маманмен келіссөздерді бастамақ.

Клопптың Red Bull корпорациясымен жасасқан келісімшартында Германия құрамасын жаттықтыру туралы ұсыныс түскен жағдайда келісімді бұзуға мүмкіндік беретін арнайы тармақ бар. Сондай-ақ, ұлттық құрамамен жұмыс істеу бапкердің басты мақсаттарының бірі екені айтылуда.

Еске сала кетейік, Германия құрамасының бас бапкері қызметі Юлиан Нагельсман кеткеннен кейін бос қалды. Ол 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Парагвайдан пенальти сериясында жеңілген соң қызметінен кеткен болатын. Ал Парагвай 1/8 финалда Франциямен кездеседі.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр және 19 шілдеде аяқталады.