«Ювентус» Колумбия құрамасының қорғаушысын қатарға қосты

Ювентус ФК
Туриндік «Ювентус» Колумбия құрамасының орталық қорғаушысы Джон Лукумидің «Болоньядан» ауысқанын ресми түрде жариялады.
28 жастағы футболшы 2030 жылдың 30 маусымына дейін келісімшартқа қол қойды. Трансфер құны 18 миллион еуроны құрады. Бұл сома үш жыл ішінде төленеді. Сондай-ақ белгілі бір шарттар орындалған жағдайда тағы 2 миллион еуроға дейін бонус қарастырылған.
Лукуми – «Депортиво Кали» клубының түлегі. Колумбиялық команданың негізгі құрамындағы дебютін 17 жасында жасады. Ал 2018 жылы бельгиялық «Генкке» ауысты. Төрт жылдан кейін қорғаушы мансабын Италияда жалғастырып, «Болоньямен» келісімшартқа отырды.
«Болонья» сапында төрт маусым өткізген колумбиялық футболшы барлық турнирде 152 матчқа қатысты. 2025 жылы Лукуми командасымен бірге Италия Кубогын жеңіп алды. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында қорғаушы Колумбия құрамасының сапында бес матч өткізді.