Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Жалғас Жұмағұлов ACBJJ ұйымымен төрт белдесуге келісімшарт жасасты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Oktagon MMA

Фото: Oktagon MMA

Oktagon MMA ұйымының бұрынғы чемпионы Жалғас Жұмағұлов халықаралық ACBJJ (Absolute Championship of Brazilian Jiu-Jitsu) ұйымымен келісімшарт жасасып, мансабын грэпплингте жалғастырады.

38 жастағы қазақстандық спортшы бұл жаңалықты Instagram парақшасында хабарлады. Келісімшарт төрт белдесуге арналған. Оның алғашқысы 20 желтоқсанда Дубайда (БАӘ) өтеді.

«Ассалаумағалейкум, баршаңызға сәлем! Достар, қалайсыңдар, амансыңдар ма? ACBJJ ұйымымен төрт белдесуге келісімшарт жасастым. 20 желтоқсанда Дубайда алғашқы белдесуімді өткіземін. Қарсыласым да өте қызықты. Күтіңіздер», – деді Жұмағұлов.

Бұған дейін қазақстандық файтер еуропалық Oktagon MMA промоушенінен кететінін және аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін босататынын мәлімдеген болатын.

Спортшы мұндай шешімді қызықты қарсыластардың жоқтығымен түсіндіріп, 25 желтоқсанға ұсынылған жекпе-жектен бас тартқан.

Жұмағұлов Oktagon ұйымында 2024 жылдың қарашасынан бері өнер көрсетті. 2025 жылдың маусымында грузиялық Бено Адамияны жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Алты айдан кейін чехиялық Давид Дворжакқа қарсы жекпе-жекте белбеуін сәтті қорғады.

Қазақстандық спортшының осы ұйымдағы соңғы жекпе-жегі 6 маусымда бразилиялық Игор Севериноға қарсы өтті. Ең жеңіл салмақтағы чемпиондық атақ сарапқа салынған кездесуде қарсыласы шап тұсынан тыйым салынған соққы жасағандықтан, жекпе-жек өтпеді деп танылды.

Еуропада өнер көрсеткенге дейін Жұмағұлов 2020–2023 жылдары UFC ұйымында жұдырықтасты. Ол жеті жекпе-жек өткізіп, бір жеңіске жетіп, алты рет жеңілді.

Айта кетейік, ACBJJ ұйымы бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен халықаралық турнирлер ұйымдастыруға маманданған.

Жалғас Жұмағұлов ACBJJ ұйымымен төрт белдесуге келісімшарт жасасты – sport-hub