Басты бет
·
MMA/UFC

Жалғас Жұмағұлов Oktagon-нан танымал қарсылас сұрады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Oktagon

Фото: Oktagon

Қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов (19-9) Oktagon ұйымының басшылығына келесі жекпе-жегіне танымал қарсылас беруді сұрады.

37 жастағы спортшы келесі жекпе-жегін өткізуге дайын екенін айтты. Алайда 56 келіге дейін салмақ қууға аз танымал қарсылас үшін барғысы келмейтінін атап өтті.

«Мен жекпе-жекке дайынмын. Oktagon, жалғыз сұрақ – кіммен? Ешкім танымайтын кездейсоқ қарсылас үшін 56 келіге дейін өзімді қинап, салмақ қумаймын. Северинода жекпе-жек бар. Маған танымал қарсылас, нағыз сынақ беріңіздер – сонда октагонға шығамын. Маған маңызы бар жекпе-жектер керек», – деп жазды Жұмағұлов X әлеуметтік желісінде.

Жұмағұлов соңғы жекпе-жегін 6 маусымда Братиславада өткен Oktagon 89 турнирінде өткізді. Қазақстандық спортшы аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп, ұйым тарихындағы алғашқы екі салмақ дәрежесінде чемпион атану мақсатында Северинодан белбеуді тартып алуға тырысты.

Алайда екінші раундта бразилиялық файтердің шап тұсына жасаған соққысынан кейін жекпе-жек нәтижесіз аяқталды. Жұмағұлов кездесуді жалғастыра алмады.

Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов әлі де Oktagon ұйымының ең жеңіл салмақтағы чемпионы саналады.

Жалғас Жұмағұлов Oktagon-нан танымал қарсылас сұрады – sport-hub