Жәмила Бақбергенова Азия ойындарын жеңіліспен бастады

Фото: UWW
Жәмила Бақбергенова Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы күрес жарысын турнир қожайыны Ами Ишиге есе жіберумен бастады.
68 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда жапониялық балуан 9:2 есебімен жеңіп, ширек финалға өтті. Дегенмен Бақбергенованың жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар. Егер Иши финалға шықса, қазақстандық балуан жұбаныш кезеңіне қатысып, қола медаль үшін күресе алады.
Айта кетейік, қос балуан ірі халықаралық жарыстарда бұған дейін де кездескен. 2024 жылы Тиранада өткен әлем чемпионатының финалында олар өзара белдескен. Сол кезде жапониялық спортшы жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанса, Бақбергенова күміс жүлде иеленді.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.