Жамиля Бақбергенова әлем чемпионатының финалына шыға алмады

ҚР ҰОК
Қазақстандық балуан Жамиля Бақбергенова Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіліп қалды.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде отандасымыз Қытай өкілі Ли Цзелумен белдесті. Кездесу 4:2 есебімен қытайлық спортшының пайдасына аяқталды.
Осылайша, Бақбергенова енді қола жүлде үшін күреседі. Ал Ли Цзелу әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, бұл белдесуге дейін Жамиля әлемдік рейтингте төртінші орында тұрса, оның қарсыласы бесінші сатыға жайғасқан.
Қазақстандық балуанның еншісінде Азия чемпионатының төрт алтын медалі, әлем чемпионаттары мен 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлделері бар. Ал Ли Цзелу бұған дейін Азия чемпионы атанып, әлем чемпионатының қола медалін және 2025 жылғы Гран-при турнирінің күміс жүлдесін жеңіп алған.
Еске салайық, еркін күрестен Қазақстан құрамасының өкілі Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатының алғашқы белдесуінде ресейлік атақты балуан Абдулрашид Садулаевпен кездеседі.