Басты бет
·
Бокс

Жәнібек Әлімханұлы «Канеломен» жұдырықтасатын уақытты атады

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы 2027 жылы екі чемпиондық белбеуді иеленуді көздеп отыр.

Екінші орта салмаққа ауысқаннан кейін ол алдымен WBO тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа таласып, одан соң мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегін өткізуді жоспарлап отыр.

Бұл мақсатқа жету жолындағы алғашқы қадамы қаңтар айында датчандық Якоб Банкпен өтетін кездесу болмақ. Кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген қарсыласын жеңу арқылы Әлімханұлы екінші орта салмақтағы алғашқы чемпиондық белбеуін иеленуге ниетті.

Жекпе-жек 23 қаңтарға белгіленген. Оның жеңімпазына Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) бос тұрған чемпиондық белбеуі табысталады.

Алайда Жәнібек мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазақстандық боксшы келесі мақсатын да жариялады. Ол мамыр айында WBC белбеуінің иегерімен чемпиондық атақтарды біріктіру үшін жұдырықтасқысы келеді.

«Қаңтарда екінші орта салмақта чемпиондық атаққа қол жеткіземін. Мамырда осы жекпе-жектің жеңімпазымен кездесіп, белбеулерді біріктіргім келеді», – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Әңгіме Сауль Альварес пен Кристиан Мбилли арасындағы кездесудің жеңімпазы туралы болып отыр. Боксшылар 1 қарашаға қараған түні Эр-Риядта WBC чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Осылайша, жақын күндері Жәнібектің қаңтардағы жекпе-жектен кейін кіммен кездескісі келетіні белгілі болады.

Айта кетейік, Әлімханұлы допинг дауына байланысты үзілістен кейін мансабын қайта жалғастыруға дайындалып жатыр. 2025 жылдың соңында оның сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталып, Эрисланди Ларамен жоспарланған чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды.

Кейін IBF қазақстандық боксшыдан чемпиондық белбеуін тартып алды. Ал WBO өз титулын сақтап қалғанымен, Әлімханұлын 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетті.