Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен ресми түрде бас тартты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_@qazaqstyle

Фото: x_@qazaqstyle

Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьеридің мәлімдеуінше, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеуден өз еркімен бас тартып, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешім қабылдады.

Орта салмақтағы WBO чемпиондық атағы енді ұйымның уақытша чемпионы, Ұлыбритания өкілі Дензел Бентлиге (22-3-1, 18 KO) өтеді. Жақын арада WBO оған міндетті қарсыласын тағайындайды.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мельдонийге қатысты допинг ережесін бұзғаны үшін 2026 жылдың желтоқсанына дейін жарыстардан шеттетілген. Бұған дейін IBF қазақстандық боксшыны чемпиондық белбеуінен айырған болатын.

Енді Әлімханұлы WBO титулынан да өз еркімен бас тартып, жаңа салмақ дәрежесіне өтуді жөн көрді.

Қазіргі таңда WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеу жеңілістің дәмін татпаған британдық Хамза Ширазға (23-0-1, 19 KO) тиесілі.

WBO ережесіне сәйкес, чемпион өз белбеуінен жаңа салмақ дәрежесіне ауысу үшін өз еркімен бас тартқан жағдайда, оған жаңа дивизиондағы чемпиондық жекпе-жекке бірден үміткер болу мүмкіндігі берілуі мүмкін.

Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық белбеуінен ресми түрде бас тартты – sport-hub