Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының Орталық Азия чемпионатына қатысатын құрамы белгілі болды

Қазақстанның жеңіл атлетикадан ұлттық құрамасы 23–25 тамыз аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін ересектер арасындағы III Орталық Азия ашық чемпионатына қатысатын спортшылар құрамын анықтады.
Қазақстан атынан жарысқа 45 спортшы қатысады. Оның 24-і – ерлер, 21-і – әйелдер. Құрама сапына спринттік қашықтықтар, кедергілер арқылы жүгіру, эстафета, секіру, ядро итеру және лақтыру сайыстарына қатысатын атлеттер енді.
Ерлер құрамында Михаил Литвин, Давид Ефремов, Евгений Прокудин, Никита Изотов, Александр Бектасов, Зелимхан Насыров, Глеб Гладилов, Бексултан Еликбаев, Вадим Пессоцкий, Алексей Хлыстов және басқа да спортшылар бар.
Әйелдер құрамында Дарья Гридасова, Виктория Ан, Милана Зубарева, Антонина Чернышева, Екатерина және Анастасия Колодалар, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Томирис Ерматова және басқа да атлеттер өнер көрсетеді.
Жарыста секіру, спринт және эстафета сайыстарына ерекше назар аударылады. Қазақстандық спортшылар түрлі қашықтықтарға жүгіру, биіктікке, ұзындыққа және үш қарғып секіру, диск, найза және балға лақтыру, сондай-ақ ядро итеруден жүлдеге таласады.