Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы IBA Pro ұйымында дебют жасайды

Фото: Eye of the Tiger Management
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (15-0-1, 13 КО) 4 желтоқсанда Түркияның Ыстанбұл қаласында рингке оралады. Оның қарсыласы ресейлік Сергей Лубкович (20-1-2, 12 КО) болмақ.
Жекпе-жек IBA Pro ұйымының бокс кеші аясында өтеді. Боксшылар 69,9 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сегіз раундтық кездесу өткізеді.
Бұл Ахмедов үшін IBA Pro ұйымындағы алғашқы жекпе-жек әрі ұзақ үзілістен кейінгі рингке оралуы болмақ.
Қазақстандық боксшы соңғы рет 2025 жылдың 19 сәуірінде АҚШ-тың Коммерс қаласында жұдырықтасқан. Ол кезде мексикалық Элиас Эспадаспен кездесуі тең нәтижемен аяқталған еді.
Ыстанбұлдағы бокс кеші Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) президентінің алғашқы кубогының финалдық кезеңі аясында ұйымдастырылады.
Кәсіпқой бокс бағдарламасының басты жекпе-жегінде екі дүркін Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Хасанбой Дусматов пен филиппиндік Родерик Баутиста чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады.