Жібек Құламбаева Гуанчжоудағы WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева нидерландтық Изабель Хаверлагпен бірге Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жұптық сынының ширек финалына жолдама алды.
Гуанчжоу (Қытай). WTA 250. Әйелдер. Жұптық разряд. Бірінші айналым
Жібек Құламбаева (Қазақстан) / Изабель Хаверлаг (Нидерланд) – Цюй Ихань / Чжан Жуйэнь (Қытай) – 6:3, 4:6, 10:5.
Бірінші айналымда қазақстандық-нидерландтық жұп ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған қытайлық Цюй Ихань мен Чжан Жуйэньге қарсы ойнады. 1 сағат 25 минутқа созылған кездесу Құламбаева мен Хаверлагтың жеңісімен аяқталды.
Матч барысында жеңімпаздар бірде-бір эйс жасамады, 10 рет қос қателік жіберіп, төрт брейк-пойнтты сәтті пайдаланды. Сонымен қатар олар өздерінің үш геймінде қарсыластарға жол берді.
Ширек финалда Құламбаева мен Хаверлаг бірінші нөмірлі жұп ретінде тіркелген ресейлік Мария Козырева және британиялық Майя Ламсденмен кездеседі. Алдағы қарсыластары алғашқы айналымда үндістандық Рутуджа Бхосале мен таиландтық Пеангтарн Плипычты 6:3, 6:3 есебімен жеңген.
Айта кетейік, Гуанчжоудағы WTA 250 турнирі 26 қазан мен 1 қараша аралығында Наньша теннис орталығының ашық хард корттарында өтеді.