Жоао Фонсека «Ролан Гарростың» ширек финалына шықты

Фото: Corinne Dubreuil / FFT
Бразилиялық теннисші Жоао Фонсека «Ролан Гаррос»-2026 турнирінің ширек финалына жолдама алды. Төртінші айналымда ол норвегиялық Каспер Руудты жеңді.
Кездесу 3 сағат 58 минутқа созылып, 19 жастағы бразилиялық 7:5, 7:6 (10:8), 5:7, 6:2 есебімен басым түсті.
Матч барысында Фонсека екі эйс орындап, бірде-бір қосар қателік жіберген жоқ. Сондай-ақ ол 13 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды. Ал Рууд жеті рет эйс жасап, төрт мәрте қосар қателікке жол берді және тоғыз мүмкіндіктің екеуінде ғана брейк жасай алды.
Ширек финалда Жоао Фонсека чехиялық Якуб Меншикпен шеберлік байқасады. Меншик бұған дейін ресейлік Андрей Рублевті жарыс жолынан ығыстырған еді.
Франция ашық чемпионаты 7 маусым күні Париждегі Ролан Гаррос корттарында өз мәресіне жетеді.