2026 жылғы әлем чемпионаты. Испания плей-оффқа шықты, Кабо-Верде тағы да таңғалдырды

ФИФА
SPORTHUB футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының кезекті ойын күнінің қорытындысын ұсынады.
Н тобы
Испания – Сауд Арабиясы – 4:0 (3:0)
Голдар: Ямаль, 10 (1:0), Оярсабаль, 21 (2:0), Оярсабаль, 24 (3:0), Әл-Тамбакти, 49 (автогол, 4:0)
Алғашқы турда Кабо-Вердемен голсыз тең ойнаған Испания құрамасы көп сынның астында қалған еді. Әсіресе бас бапкер Луис де ла Фуэнтенің Ламин Ямальды негізгі құрамда шығармағаны қызу талқыланды.
Сауд Арабиясына қарсы кездесуде жас жұлдыз алғашқы минуттардан алаңға шығып, өзінің маңызын бірден дәлелдеді. Ойынның 10-минутында Ямаль есеп ашса, араға көп уақыт салмай Микель Оярсабаль дубль авторы атанды.

Үзілістен кейін де испандар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Қорғаушы Марк Кукурельяның белсенді әрекеті қарсылас қорғаушысының автоголына алып келді. Нәтижесінде Испания 4:0 есебімен ірі жеңіске жетіп, мерзімінен бұрын плей-офф жолдамасын қамтамасыз етті.
Уругвай – Кабо-Верде – 2:2 (2:1)
Голдар: Ленини, 21 (0:1), Вильчес, 44 (1:1), Каноббио, 45+6 (2:1), Варела, 61 (2:2)
Алғашқы турдың басты сенсациясын жасаған Кабо-Верде бұл жолы да жанкүйерлерді тәнті етті. Африкалық құрама әлемнің екі дүркін чемпионы Уругвайдан ұпай тартып алды.

Кездесуде есепті Кабо-Верде ашқанымен, тайм соңында уругвайлықтар екі гол соғып, алға шықты. Соған қарамастан, африкалықтар екінші таймда таразы басын теңестіріп, матч соңына дейін есепті сақтап қалды.
Екі турдан кейін Кабо-Верде құрамасының плей-оффқа шығу мүмкіндігі Уругвайдан да жоғары бағалануда.
G тобы
Бельгия – Иран – 0:0
Бельгия құрамасы алғашқы турдағы сәтсіздіктен кейін жеңіске жетуге тырысқанымен, Иран қорғанысын бұза алмады.
Ирандықтар өте тәртіпті ойын көрсетіп, Бельгия шабуылшыларына кең мүмкіндік берген жоқ. Оның үстіне бельгиялықтар матчтың соңғы жарты сағатын Натан Нгойдың қызыл қағаз алуына байланысты он ойыншымен өткізді.

Қақпашылар Алиреза Бейранванд пен Тибо Куртуа кездесудің басты қаһармандарына айналып, бірнеше қауіпті сәтте командаларын құтқарып қалды.
Жаңа Зеландия – Египет – 1:3 (1:0)
Голдар: Серман, 15 (1:0), Зико, 58 (1:1), Салах, 67 (1:2), Трезеге, 82 (1:3)
Жаңа Зеландия алғашқы таймды өз пайдасына аяқтағанымен, үзілістен кейін Египет мүлде басқа қырынан көрінді.
Мохамед Салах бір гол соғып, бір нәтижелі пас берсе, Зико мен Трезеге де мергендер қатарынан табылды. Осы жеңістің арқасында Египет G тобында жеке дара көш бастады.

Сонымен қатар бұл жеңіс Египет құрамасының әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы жеңісі ретінде тіркелді.
Екі турдан кейін G тобында Египет 4 ұпаймен көш бастап тұр. Иран мен Бельгияның қоржынында 2 ұпайдан болса, Жаңа Зеландия 1 ұпаймен соңғы орында келеді.
Айта кетейік, бүгін әлем чемпионатында Аргентина – Аустрия, Франция – Ирак, Норвегия – Сенегал және Иордания – Алжир матчтары өтеді. Сондай-ақ 2026 жылғы әлем чемпионаты 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтуде.