Басты бет
·
АО-2026

23 қыркүйектегі Азия ойындары: Қазақстандықтар қайда және қашан өнер көрсетеді?

Аружан Талғат··
Фото: olympic.kz

Фото: olympic.kz

23 қыркүйекте Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарындағы төртінші жарыс күнін өткізеді. Қазақстандық спортшылар оннан астам спорт түрінен сынға түседі. Астана уақытымен алғашқы жарыстар таң атпай басталады.

Қазақстанның жарыс күнін 03:30-да жеңіл атлетика ашады. Әйелдер арасындағы жартылай марафон қашықтығындағы спорттық жүрістен Кристина Морозова мен Эльмира Калимуллина өнер көрсетеді.

05:00-де бірден бірнеше спорт түрінен жарыс басталады. Ерлер арасындағы топтық веложарыста Алексей Луценко, Евгений Федоров және Николай Винокуров бақ сынайды. Сонымен қатар академиялық ескек есу және жағажай волейболынан жарыстар өтеді.

05:45-те қазақстандық спортшылар 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен ату сайысына қатысады. Ел намысын Валерия Попелова, Сауле Алимбек және Нина Старова қорғайды.

06:00-де байдарка мен каноэде есу, үстел теннисі, жүзу, стенд атудан, семсерлесу және киберспорттан жарыстар басталады. Gran Turismo 7 ойынында Қазақстан атынан Нұрсұлтан Сүтемгенов өнер көрсетеді.

Жүзуден қазақстандық спортшылар ерлер мен әйелдер арасында 100 метрге баттерфляй әдісімен, 100 метрге арқамен, 200 метрге еркін стильде жүзеді. Сондай-ақ 4×100 метрге аралас эстафетаға қатысады.

08:30-да Қазақстанның ерлер құрамасы гандболдан Иранмен кездеседі. Осы уақытта оқ атудан жарыстар жалғасады.

09:00-де Қазақстанның әйелдер құрамасы көгалдағы хоккейден Қытай Тайбэйімен ойнайды. Сонымен қатар ерлер құрамасы спорттық гимнастикадан жарысты жалғастырады.

09:15-те Қазақстанның баскетболдан 3×3 ерлер құрамасы Филиппинге қарсы ойнайды. Ал 09:30-да әйелдер құрамасы гандболдан Гонконгпен кездеседі.

10:00-де байдарка мен каноэде есу жарыстары жалғасады. Күні бойы Қазақстан өкілдері ерлер мен әйелдер арасындағы 500 метрлік қашықтықта сынға түседі.

10:30-да әйелдер арасындағы скиттен шешуші жарыстар басталады. Қазақстан сапында Әсем Орынбай, Зоя Пискун және Адель Садақбаева өнер көрсетеді. Ерлер арасындағы стенд ату жарыстары 12:00-де өтеді.

12:05-те Қазақстанның әйелдер құрамасы су добынан Қытайға қарсы ойнайды.

13:00-де жүзуден кешкі сессия басталады. Алдын ала кезеңнен өткен қазақстандық спортшылар финалдық жарыстарға қатысады. Осы уақытта бокстан күндізгі бағдарлама да басталады.

Бокста басты назар Сабыржан Аққалыковқа аударылады. 80 келіге дейінгі салмақта 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері әрі 2026 жылғы Азия чемпионы Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. 1/8 финалда оның қарсыласы Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сен болады.

Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы жағдайы

Үш жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медаль кестесінде төртінші орында тұр.

Команданың қоржынында 12 медаль: 6 алтын, 1 күміс және 5 қола бар.

Үшінші жарыс күні Қазақстан үшінші орынға көтерілген еді. Алайда кейін Оңтүстік Корея алтын медаль саны бойынша Қазақстанды қуып жетті. Екі құраманың да алты алтыны бар, бірақ корей спортшыларының күміс медалі көбірек.

23 қыркүйекте қазақстандық спортшылар велоспорт, оқ ату, жүзу, ескек есу және басқа да спорт түрлерінен медаль қорын толықтыруға мүмкіндік алады.

23 қыркүйектегі Азия ойындары: Қазақстандықтар қайда және қашан өнер көрсетеді? – sport-hub