Басты бет
·
АО-2026

Абиба Абужакынова Азия ойындарында қатарынан екінші рет күміс алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Абиба Абужакынова 2026 жылғы Азия ойындарында дзюдодан күміс медаль жеңіп алды. Бұл — Қазақстан құрамасының дзюдодан осы турнирдегі алғашқы жүлдесі.

48 келіге дейінгі салмақтағы финалда қазақстандық дзюдошы жапониялық Мицуки Кондомен кездесті. Шешуші белдесуде татами иесі жеңіске жетіп, Абужакынова жарысты күміс медальмен аяқтады.

Осылайша, Абиба Абужакынова Азия ойындарында қатарынан екінші рет күміс жүлдегер атанды. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының финалында да ол 48 келіге дейінгі салмақта жапониялық Нацуми Цунодадан жеңілген еді.

Абужакынова — Қазақстанның ең атақты дзюдошыларының бірі. Оның қоржынында 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесі, сондай-ақ 2022 және 2024 жылдардағы әлем чемпионаттарының қола медальдары бар.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанда аяқталады.