Ескек есу слаломы: Қазақстан бір күнде екі қола медаль жеңіп алды

Фото: Никита Басов
Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарындағы медальдар қорын ескек есу слаломынан бір күнде екі қола жүлдемен толықтырды.
Александр Коробов байдарка-одан жекелей жарыста қола медаль жеңіп алды. Ол финалдық кезеңді айып секундтарынсыз 94,48 секунд нәтижесімен аяқтады. Бұл — спортшының Азия ойындарындағы алғашқы медалі. Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарында қазақстандық осы бағдарламада 105,41 секунд нәтижесімен бесінші орын алған еді.
Каноэ-одан жекелей жарыста Анастасия Ананьева 127,32 секунд нәтижесімен үшінші орын иеленді. Ол Азия ойындарында қатарынан екінші рет медаль жеңіп отыр. 2023 жылы Ханчжоуда өткен додада қазақстандық спортшы финалда 119,29 секунд көрсетіп, күміс жүлдеге ие болған.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.