ӘЧ: Бастилия күні француздар үшін сәтсіз өтті

Фото: ФИФА
SPORTHUB футболдан әлем чемпионатындағы кезекті ойын күнінің қорытындысын шығарып, турнирдің алғашқы финалисін анықтады.
Жартылай финал
Франция – Испания – 0:2 (0:1)
Голдар: Оярсабаль, 22 (пенальти – 0:1); Педро Порро, 58 (0:2)
Бас төреші: Бартон (Сальвадор)
ЧМ-2026 басталар алдында басты фаворит ретінде Испания құрамасы саналған еді. Алайда топтық кезеңнің алғашқы турында мундиаль дебютанты Кабо-Вердемен 0:0 есебімен тең ойнағаннан кейін «қызыл фурияның» чемпиондыққа деген мүмкіндігі төмендей түсті.
Содан бері басты фаворит Францияға ауысты. Олар Солтүстік Америкадағы турнирде алты матчтың бәрінде жеңіске жетіп, жоғары деңгейін дәлелдеп келген болатын. Дәл осындай сеніммен олар жартылай финалда Испанияға қарсы шықты.
Айта кетерлігі, Даллас қаласындағы бұл кездесу Францияның ұлттық мерекесі Бастилияны алу күніне тұспа-тұс келді. Француздар мұны жақсы ырымға балап, қарсыласынан бұрынғы жеңілістері үшін реванш алуға ниетті болды. Өйткені олар бұған дейін Еуро-2024 пен Ұлттар лигасы-2025 жартылай финалдарында испандықтардан ұтылған еді.

Франция – Испания. Фото: RFEF
Дидье Дешам шәкірттерінің құрамында ЧМ-2026-ның үздік сұрмергені Килиан Мбаппе, «Алтын доп» иегері Усман Дембеле және ПСЖ сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алған бес ойыншы болды.
Дегенмен ойын басынан-ақ Франция үшін сәтсіз өрбіді. Испания допты толық бақылауға алып, жылдам пас алмасу арқылы қарсыласын жиі қателесуге мәжбүрледі. Нәтижесінде француздар жиі ереже бұзды. 9-минутта Адриен Рабьо сары қағаз алды, ал Майкл Олисе Родриге қарсы өрескел ойнаса да, жазадан құтылып кетті.
Көп ұзамай Испанияның сынға жиі ұшырап жүрген ойыншылары шешуші рөл атқарды. Ламин Ямаль Люк Диньнің қателігін пайдаланып, пенальти жасатты. Оны Микель Оярсабаль дәл орындап, есеп ашты – 0:1.

Фото: RFEF
Өкінішке қарай, жіберілген гол Францияны жандандыра алмады. Керісінше, қиындықтар көбейе түсті. Үзіліске дейін Вильям Салиба жарақат алып, алаңды тастап кетті. Бірінші тайм Испанияның минималды басымдығымен аяқталды.
Үзілістен кейін Дешам Рабьоны алаңнан алып, оның орнына Ману Коне шығарды. Бірақ бұл өзгеріс ойынға әсер етпеді – Франция орталық алаңдағы бақылаудан толық айырылды.
Екінші гол да Диньнің қапталынан келді. Педро Порро Дани Ольмомен әдемі комбинация жасап, қақпашы Майк Меньянды оңай жеңді – 0:2.
Көп ұзамай Ямаль тағы бір гол соқты, алайда офсайд тіркеліп, есеп өзгеріссіз қалды. Ал Килиан Мбаппе бұл ойында көзге түсе алмады. Ол тек қарсылас қақпашысы Унаи Симонға қарсы агрессиясы үшін ескерту алғанымен есте қалды.
Айта кетейік, Испания қақпашысы Симон бұл матчта да қателіктер жіберді, бірақ Франция оны пайдалана алмады.

Фото: FIFA
Қорытындылай келе, Франция бұл турнирдегі ең әлсіз ойындарының бірін өткізді деуге болады. Алайда бұл Испанияның жоғары деңгейін төмендетпейді. Себебі олар қарсыласына еш мүмкіндік бермеді.
Франция құрамасы турнирден әлі шыққан жоқ – олар үшінші орын үшін матч өткізеді. Дидье Дешам үшін бұл әлсіз жұбаныш болғанымен, ол әлем чемпионаттарының барлық медаль жиынтығын толықтыра алады: оның еншісінде 2018 жылғы алтын мен 2022 жылғы күміс бар.
Ал Испания финалға жолдама алып, енді шешуші матчқа дайындалуда. Олардың қарсыласы Англия мен Аргентина арасындағы ойыннан кейін анықталады.