АФК «Қайрат» жаңа бас бапкер тағайындады

Фото: АФК «Қайрат»
Алматылық «Қайрат» футзал клубы Густаво Парадеданың командаға бас бапкер қызметіне тағайындалғанын жариялады.
Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, бразилиялық маманмен жасалған келісімшарт үш жылға есептелген.
Парадеда «Қайратқа» жақсы таныс. 2004-2009 жылдар аралығында ол алматылық команда сапында ойыншы ретінде өнер көрсетіп, клубпен бірге футзалдан УЕФА кубогының қола жүлдегері атанды. Сол арқылы «Қайрат» тарихындағы алғашқы еуропалық жүлделерге қол жеткізген еді.
Соңғы жылдары белгілі маман клуб құрылымында негізгі команда мен академияның спорт директоры қызметін атқарды. Өткен маусымда Парадеда плей-офф кезеңі алдында команданы қабылдап, «Қайратты» чемпиондыққа жеткізді.
Биылғы маусымда алматылықтар тұрақты чемпионатты екінші орынмен аяқтап, бірінші орынды МФК «Семей» ұжымына беріп қойды. Сондай-ақ команда футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына дейін жетіп, онда испаниялық «Картахенадан» жеңілді.
Жақын уақытта «Қайрат» Қазақстан чемпионаты плей-оффының ширек финалында «Бәйтерекпен» кездеседі.