Алькарас ATP тарихындағы ең ірі жүлде қорын иеленді

Фото: x_@atptour
Әлемнің үшінші ракеткасы Карлос Алькарас Туринде өткен ATP қорытынды турнирін бірде-бір жеңіліссіз аяқтап, бір жарыста жеңіп алған сыйақы көлемі бойынша рекорд орнатты.
ATP мәліметінше, испаниялық теннисші турнирге қатысқаны үшін 338 мың доллар алды. Ал топтық кезеңдегі үш жеңісінің әрқайсысы оған 405 мың доллардан табыс әкелді. Осылайша Алькарас топтық кезеңдегі нәтижелері үшін 1,215 миллион доллар тапты.
Жартылай финалдағы жеңісі оның сыйақысын тағы 1,206 миллион долларға арттырды. Ал финалда Александр Зверевті жеңгені үшін қосымша 2,412 миллион доллар алды.
Нәтижесінде Алькарастың турнирден тапқан жалпы табысы 5,171 миллион долларды құрады. Бұл ATP тарихындағы бір турнирде берілген ең ірі сыйақы ретінде тіркелді.
Сонымен қатар Алькарас «Үлкен дулыға» санатындағы төрт турнирдің барлығында және ATP қорытынды чемпионатында жеңіске жеткен тарихтағы төртінші теннисші атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке Андре Агасси, Роджер Федерер және Новак Джокович қол жеткізген.
Айта кетейік, Туриндегі чемпиондық атақ испаниялық теннисші үшін 2026 жылғы маусымдағы алтыншы, ал кәсіби мансабындағы 30-титул болды.
Биыл Алькарас Australian Open, Париждегі «Мастерс», сондай-ақ Доха, Токио және Вена қалаларында өткен ATP 500 санатындағы турнирлерде топ жарды.
Еске салайық, ATP қорытынды турнирі 15–22 қараша аралығында өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 15,75 миллион долларды құрады.