Александр Бублик ATP рейтингінде екі саты төмендеді

Фото: Getty Images
Александр Бублик Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингінде екі сатыға төмендеді. US Open турнирі қарсаңында қазақстандық теннисші 2525 ұпаймен 13-орында тұр.
Рейтингтің алдыңғы нұсқасында Бублик 11-орында болған. Өткен кезеңде ол 10 рейтингтік ұпайынан айырылып, бірден екі сатыға төмендеді.
Соңғы апталарда қазақстандық теннисші Канада мен АҚШ-та өткен бірқатар турнирге қатысқан жоқ. Бұған отбасылық және коммерциялық жағдайлар себеп болды. Нәтижесінде Бублик ұпайларының бір бөлігін қорғай алмай, маусымдағы «Үлкен дулыға» сериясының соңғы турнирі алдында рейтингте біраз төмендеді.
Соған қарамастан, ол Қазақстанның бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап, елдің өзге теннисшілерінен айтарлықтай алда келеді.
Қазақстандық теннисшілер арасында Александр Бублик ATP рейтингіндегі ең жоғары орынды иеленіп отыр — 2525 ұпаймен 13-сатыда.
Александр Шевченко 89-орында, Тимофей Скатов 149-сатыда, Михаил Кукушкин 333-орында, Бейбіт Жұқаев 425-сатыда, ал Денис Евсеев 444-орында тұр.
Әлемдік рейтингтің көшін италиялық Янник Синнер бастап келеді. Оның еншісінде 13 450 ұпай бар. Екінші орында испаниялық Карлос Алькарас — 8160 ұпай. Үздік үштікті 8090 ұпаймен Германия өкілі Александр Зверев түйіндейді.
Осылайша, Бублик US Open турниріне әлемнің 13-ракеткасы мәртебесінде аттанады. Қазақстандық теннисші Нью-Йорк корттарында жоғалтқан позицияларын қайтара алады.