Басты бет
·
Теннис

Александр Бублик Лэйвер кубогінің алғашқы күнінде екі матч өткізеді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Laver Cup

Фото: Laver Cup

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Лондонда O2 аренасында өтіп жатқан 2026 жылғы Лэйвер кубогінің алғашқы күнінде бірден екі матч өткізеді.

Бублик Андре Агассидің жетекшілігіндегі Әлем құрамасының сапында өнер көрсетеді. 25 қыркүйектегі кешкі сессияда қазақстандық теннисші алдымен жекелей сында испаниялық Рафаэль Ходормен кездеседі. Бұл теннисшілердің өзара алғашқы матчы болмақ.

Одан кейін Бублик жұптық бәсекеде де кортқа шығады. Ол америкалық Тэйлор Фрицпен бірге Еуропа құрамасының өкілдері Карлос Алькарас пен Якуб Меньшикке қарсы ойнайды.

Айта кетейік, Бублик үшін биылғы Лэйвер кубогі мансабындағы алғашқы турнир болмақ. 2026 жылы қазақстандық теннисші алғаш рет ATP рейтингінің үздік ондығына енді. Сондай-ақ маусымды Гонконгтағы турнирде жеңіспен бастап, мансабындағы ATP турнирлеріндегі тоғызыншы титулына қол жеткізді.

Лэйвер кубогі Лондонда 25-27 қыркүйек аралығында өтеді. Жұма күні әр жеңіс үшін командаға бір ұпай, сенбіде екі ұпай, ал жексенбіде үш ұпай беріледі. Жалпы жеңіске жету үшін команда бірінші болып 13 ұпай жинауы қажет.

Александр Бублик Лэйвер кубогінің алғашқы күнінде екі матч өткізеді – sport-hub