Басты бет
·
Хоккей

Александр Овечкин «Вашингтон» тарихындағы ең көп нәтижелі пас берген хоккейші атанды

Бекарыс Әлімхан··
Александр Овечкин «Вашингтон» тарихындағы ең көп нәтижелі пас берген хоккейші атанды

«Вашингтон Кэпиталз» клубының ресейлік шабуылшысы Александр Овечкин Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) тұрақты чемпионатында нәтижелі пастар саны бойынша клуб рекордын жаңартты.

«Вашингтон» «Баффало Сейбрзге» 3:6 есебімен жеңілген кездесуде Овечкин үшінші кезеңде Бун Дженнердің голына нәтижелі пас берді. Бұл оның елордалық клуб сапындағы 763-нәтижелі пасы болды.

Осылайша 41 жастағы ресейлік хоккейші «Вашингтон» сапында 762 нәтижелі пас берген швециялық Никлас Бэкстремнің рекордын басып озды.

Енді Овечкин клуб тарихында өткізген матчтар, соққан шайбалар, нәтижелі пастар және жинаған ұпайлар саны бойынша жеке-дара көш бастап тұр.

Биылғы маусымда ресейлік шабуылшы 20 кездесуде алты ұпай (1 гол, 5 нәтижелі пас) жинады. Ал ҰХЛ-дағы тұрақты чемпионаттарда барлығы 930 шайба соғып, 763 нәтижелі пас берді. Оның еншісінде 1693 ұпай бар.

Плей-офф матчтарын қоса есептегенде, Овечкин мансабында 1007 гол соққан. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек 1016 шайбамен көш бастап тұрған Уэйн Гретцкиден қалып келеді.

Айта кетейік, 2026/27 жылғы маусым Овечкин үшін ҰХЛ-дағы 22-маусым болып отыр. Бұған дейін шабуылшы осы маусымнан кейін лигадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген.

«Вашингтон» келесі кездесуін 22 қарашада сырт алаңда «Бостон Брюинзге» қарсы өткізеді.