Александр Зверев Шанхайдағы «Мастерс» турнирін жеңіспен бастады

Фото: x_@UniversTennis
Әлемнің екінші ракеткасы Александр Зверев Шанхайда өтіп жатқан ATP-1000 санатындағы турнирдің алғашқы кездесуінде қытайлық У Ибинді жеңді.
Германиялық теннисші 1 сағат 36 минутқа созылған матчта 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті. Зверев бес эйс жасап, бір рет қос қателік жіберді және бес брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Ал У Ибин алты эйс орындап, қос қателікке жол берген жоқ. Сондай-ақ қарсыласының доп беруін бұзуға берілген жалғыз мүмкіндігін сәтті пайдаланды.
Екінші сетте есеп 5:5 болған кезде Зверев допқа ұмтылып, сол аяғын қайырып алды. Аздаған үзілістен кейін медициналық үзіліссіз ойынды жалғастырып, жеңіске жетті.
Үшінші айналымда Германия өкілі франциялық Кентен Алиспен кездеседі. Ол бұған дейін бельгиялық Александр Блоксты жеңген.
Айта кетейік, Шанхайдағы ATP-1000 турнирі хард төсенішті корттарда өтіп жатыр. Жарыстың негізгі кезеңі 7 қазанда басталды, ал финал 18 қазанда өтеді. Турнирдің жүлде қоры — 9,4 миллион доллар.