Әлімханұлының жаңа салмақ дәрежесіне ауысқаннан кейінгі ықтимал қарсыласы аталды

Фото: Getty Images
Жәнібек Әлімханұлының екінші орта салмақ дәрежесіне ауысуы бокс әлеміндегі ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Жаңа дивизиондағы алғашқы жекпе-жекке қатысты қазақстандық чемпионның ықтимал қарсыласы ретінде британдық Хамза Шираздың есімі жиі атала бастады.
Бұл пікірлерге бірнеше шетелдік бокс сарапшыларының жарияланымдары себеп болды. Tokkerū жобасының авторы аталған жекпе-жек 2026 жылдың соңына дейін өтуі мүмкін екенін болжады. Оның пікірін танымал бокс шолушысы Хулиус Хулианис те қолдап, Әлімханұлы мен Шираз арасындағы кездесуді қызығушылықпен көретінін айтты.
«Жеке өзім Шираз бен Жәнібек арасындағы жекпе-жек ұйымдастырылса, тек қуанар едім», – деді бокс шолушысы Хулиус Хулианис X желісінде.
Сонымен қатар Named Boxing сарапшысы мұндай кездесу өтетін болса, басымдық қазақстандық боксшы жағында болатынын атап өтті. Оның бағалауынша, Әлімханұлы өзінің стилі, тәжірибесі және көрсеткен нәтижелері арқылы фаворит саналады.
«Егер бұл жекпе-жек шынымен ұйымдастырылса, менің фаворитім – Жәнібек. Бұл айқаста басымдық қазақстандық боксшы жағында деп есептеймін», – деп жазды Named Boxing сарапшысы X желісінде.
Еске салайық, 21 шілдеде Жәнібек Әлімханұлы ресми түрде екінші орта салмақ дәрежесіне ауысатынын мәлімдеп, орта салмақтағы WBO чемпиондық белдігінен бас тартты. Осыдан кейін ұйымның толыққанды чемпионы атанған боксшы – Дензел Бентли.
Күтіліп отырғандай, 2026 жылдың желтоқсанында дисквалификация мерзімі аяқталған соң, Әлімханұлы жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Бұған дейін қазақстандық боксшы допинг сынамасынан мельдоний анықталғаннан кейін уақытша шеттетіліп, WBA чемпионы Эрисланди Ларамен біріктіруші жекпе-жегі өтпей қалған еді.