Алматыда жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гарросқа» жолдамалар сарапқа салынады

ҚТФ
17-22 тамыз аралығында Алматыдағы Gorky Tennis Park топырақ корттарында Roland Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia халықаралық іріктеу турнирі өтеді.
Жарыс Қазақстан теннис федерациясының, Азия теннис федерациясының (ATF) және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Турнир Спорт күніне орай өткізіледі.
Алматыдағы додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иордания, Иран, Сауд Арабиясы, Түрікменстан және Сириядан 16 жасқа дейінгі ең үздік 16 ұл мен қыз қатысады. Іріктеу жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series финалдық кезеңіне жолдама алады. Онда жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос»-2027 негізгі кезеңіне берілетін жалғыз жолдама сарапқа салынады.
Қазақстан атынан бұл турнирде Родион Трайгель, Диас Тулепбергенов, Бексұлтан Бауржанов, Иван Бондаренко, Амина Нұрмахан, Линара Булешева, Алуа Марат және Влада Кузьменко өнер көрсетеді.