Аморим «Миланда» жеті ойыншының болашағына қатысты шешім қабылдады

Бекарыс Әлімхан··
«Милан» ФК

«Милан» ФК

«Миланның» бас бапкері Рубен Аморим алдағы маусымда жоспарында жоқ және жазғы трансферлік терезе жабылғанға дейін италиялық клубтан кетуі мүмкін ойыншыларды анықтады.

Football Italia мәліметінше, Аморим клуб басшылығына Кристофер Нкунку, Фикайо Томори, Юссуф Фофана және Давид Одогуға сенім артпайтынын жеткізген. Мұндай шешім португалиялық маман маусым алдындағы дайындық барысында команданың құрамын бағалағаннан кейін қабылданған.

Сонымен қатар «Милан» Сантьяго Хименес пен Первис Эступиньян бойынша түскен ұсыныстарды да қарастыруға дайын. Клуб басшылығы Филиппо Терраччано да кіретін жалпы жеті футболшыға жаңа команда табуды жоспарлап отыр.

Рафаэл Леауға қатысты жағдай бөлек. Португалиялық футболшы клуб сатуды жоспарлап отырған негізгі ойыншылардың тізіміне кірмейді. Алайда «россонерилер» қолайлы ұсыныс түскен жағдайда оның кету мүмкіндігін қарастыруға дайын.

Бұған дейін Аморим ойыншыларға маусым алдындағы дайындық кезінде өздерін көрсетуге мүмкіндік берген болатын. Соңғы жолдастық кездесулердің бірінде «Милан» «Челсиге» 0:3 есебімен жеңілді. Бірнеше бақылау матчынан кейін бапкерлер штабы қай футболшыларға сенім артпайтынын түпкілікті анықтады.

Еске салайық, өткен маусымда «Милан» А сериясында бесінші орын алып, Еуропа лигасында өнер көрсету құқығына ие болды. Жазда команданы «Манчестер Юнайтедтен» келген Аморим басқарды. Ол Массимилиано Аллегридің орнын басты.