Англия құрамасы әлем чемпионаты қарсаңында кадрлық қиындыққа тап болды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: EFA

Фото: EFA

Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Деклан Райс 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Норвегияға қарсы матч алдында ауырып қалып, команданың екі жаттығуын өткізіп алды.

BBC мәліметінше, Райс ішек инфекциясын жұқтырған. Бұған қоса, оны санның артқы бұлшықеті мен бел тұсындағы жүйке мәселесі де мазалап жүр. Англия құрамасының медициналық штабы инфекцияның команда ішінде таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауда.

Сондай-ақ бас бапкер Томас Тухель санның артқы бұлшықетіндегі жарақатынан айығып жатқан қорғаушы Марк Гехидің жағдайын жіті бақылауда.

Бұған дейін Норвегия құрамасының ішінде де ауру таралуы мүмкін деген ақпарат шыққан болатын. Алайда команданың бас бапкері Столе Сольбаккен бұл қауесетті жоққа шығарды.

«Меніңше, ауру туралы әңгімелер – жай ғана қауесет. Ауырған – Мартин Эдегордың физиотерапевт болып жұмыс істейтін ағасы, Мартиннің өзі емес. Біздің барлық ойыншыларымыздың жағдайы жақсы», – деді Сольбаккен.

Әлем чемпионатының ширек финалындағы Англия – Норвегия кездесуі 12 шілде күні өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 02:00-де басталады.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.