Англияда Дастан Сәтпаевтың «Бернлидегі» алғашқы ойындарына баға берілді

Фото: Getty Images
Британиялық The Sun басылымы Дастан Сәтпаевтың «Бернлидегі» алғашқы ойындарына назар аударды. 18 жастағы қазақстандық шабуылшы «Челсиден» уақытша кетіп, ойын тәжірибесін жинауға аттанған футболшылар туралы материалға енді.
Журналистер Сәтпаевтың әзірге нәтижелі әрекетімен көзге түспегенін, алайда жаңа командасында жанкүйерлерге жақсы әсер қалдырғанын атап өтті.
«Сәтпаев Чемпионшипте «Бернли» сапында ойнап жүр. Әзірге гол соқпаса да, алғашқы төрт матчында жанкүйерлердің назарын өзіне аудара білді», – деп жазды The Sun.
Қазақстандық футболшының Англиядағы алғашқы кезеңі үмітті басталғанымен, кейін оның жоспарына жарақат кедергі болды. Сәтпаев санның артқы бұлшықетінен жарақат алып, осыған байланысты «Бернлидің» «Бристоль Ситиге» қарсы матчына қатыса алмады. Аталған кездесуде «Бернли» 1:2 есебімен жеңілді.
Алдын ала болжам бойынша, шабуылшыға жарақатынан айығу үшін бірнеше апта қажет болады. Осылайша оның Чемпионшиптегі алғашқы кезеңі тұрақты ойын уақытына ие бола бастаған тұста үзіліп отыр.
Сәтпаев алматылық «Қайраттан» «Челсиге» ауысып, кейін лондондық клуб оны маусым соңына дейін «Бернлиге» жалға берді. Англияда тұрақты ойын тәжірибесі қазақстандық футболшыға ересектер футболының талаптарына тезірек бейімделіп, «Челсидің» жүйесіне оралуға дайындалуына көмектеседі деп күтеді.