Анчелотти Италия құрамасын басқарудан бас тартты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Rafael Ribeiro / CBF

Фото: Rafael Ribeiro / CBF

Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти Италия ұлттық командасын жаттықтыру туралы ұсынысты қабылдамады.

Бұған дейін Италия футбол федерациясының техникалық директоры Паоло Мальдини ұйымның Анчелоттимен және «Манчестер Ситидің» бұрынғы бас бапкері Хосеп Гвардиоламен келіссөз жүргізгенін айтқан болатын. Globo мәліметінше, испаниялық маман да Италия құрамасын басқару ұсынысынан бас тартқан.

Анчелотти Бразилия құрамасымен 2025 жылдың мамырынан бері жұмыс істеп келеді. Оның жетекшілігімен команда 17 матч өткізіп, 10 жеңіске жетті, төрт рет жеңіліп, үш ойында тең түсті. 67 жастағы италиялық маманның келісімшарты 2030 жылдың жазына дейін жарамды.

2026 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасы ширек финалға дейін жетіп, бұл кезеңде Норвегиядан 1:2 есебімен жеңілді.

Еске салсақ, Италия құрамасының бас бапкері қызметі 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі сәтсіздіктен кейін бос қалған болатын. Команда плей-офф финалында Босния және Герцеговинадан (1:1, пенальти сериясы – 1:4) жеңіліп, әлем чемпионатына жолдама ала алмады. Осыдан кейін Дженнаро Гаттузо қызметінен кетті.