Анчелотти Неймар мен Каземироның Бразилия құрамасындағы мансабын аяқтағанын растады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Lucas Figueiredo/CBF

Фото: Lucas Figueiredo/CBF

Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти Неймар, Каземиро және Данилоның 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін ұлттық командадағы мансабын аяқтағанын растады.

Бразилия құрамасы ӘЧ турниріндегі жолын 1/8 финалда Норвегиядан (1:2) жеңіліп аяқтады. Анчелотти турнирден кейін ұлттық командада буын алмасу басталатынын мәлімдеді.

«Менің ойымша, бұл әлем чемпионаты өте маңызды ойыншылардан құралған тұтас бір буын үшін кезеңнің аяқталғанын білдіреді. Ең алдымен Неймар, сондай-ақ Данило мен Каземиро жасы 30-дан асқан барлық футболшылар туралы айтып отырмын.

Біз командаға келуі мүмкін жаңа ойыншыларды қарастырамыз. ӘЧ-2030 туралы нақты айтқым келмейді, бірақ олар біздің алғашқы мақсатымыз – 2028 жылғы Америка кубогына дейін бәсекеге қабілетті болуы тиіс», – деді Анчелотти.

34 жастағы Каземиро Бразилия құрамасы сапында 91 матч өткізіп, 10 гол соғып, алты нәтижелі пас берген. 35 жастағы Данилоның еншісінде 75 ойын, бір гол және алты ассист бар.

Неймар 2026 жылғы әлем чемпионатында 2023 жылдың қазанынан кейін алғаш рет Бразилия құрамасы сапында алаңға шықты. Турнирден шыққаннан кейін шабуылшы халықаралық мансабын аяқтағанын жариялады. Жалпы ол ұлттық құрамада 130 матч өткізіп, 80 гол соғып, 59 нәтижелі пас берген.