Анчелотти Жапонияға қарсы матчта Неймардың неге алаңға шықпағанын түсіндірді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Жапонияны 2:1 есебімен жеңгеннен кейін (әлем чемпионатының 1/16 финалы) Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти Неймардың неге алаңға шықпағанын түсіндірді.

Итальян маманының айтуынша, жаттықтырушылар штабы бастапқыда шабуылшыны екінші таймда алаңға шығаруды жоспарлаған. Алайда ойын барысы бұл ойдан бас тартуға мәжбүр етті.

«Біз Неймарды қосымша уақытқа сақтауды көздедік. Әрине, оны шамамен 60 немесе 65-минутта алаңға шығару мүмкіндігін де қарастырдық. Бірақ команда есепті теңестіргеннен кейін ойын толықтай біздің бақылауымызға өтті. Мұндай жағдайда тактиканы өзгертудің қажеті болмады», – деп Анчелоттидің сөзін AS келтіреді.

Айта кетейік, Неймар жақында ғана жарақаттан кейін қатарға қосылған. Әлем чемпионатындағы алғашқы минуттарын ол топтық кезеңнің соңғы турында Шотландияға қарсы матчта өткізіп, қосалқы құрамнан шығып, алаңда 14 минут ойнады. Ол кездесу бразилиялықтардың 3:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталған еді.

Сондай-ақ Бразилия құрамасы келесі кезеңге дайындалуда. 1/8 финалда бес дүркін әлем чемпиондары Кот-д’Ивуар мен Норвегия арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.