Басты бет
·
Футбол

Андрей Карпович «Елімай» клубының бас бапкері қызметінен кетті

Бекарыс Әлімхан··
«Елімай» ФК

«Елімай» ФК

Қазақстандық маман Андрей Карпович «Елімай» клубының бас бапкері қызметінен кетті. Бұл туралы семейлік клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

45 жастағы маман «Елімайды» 2023 жылдың 7 қарашасынан бері жаттықтырды. Ол команданы қайта құрылғаннан кейінгі үш маусым бойы басқарды. Сонымен қатар клубтан атқарушы директор Федор Симиниди де кетті.

Карповичтің жетекшілігімен семейліктер Қазақстан Премьер-лигасында тұрақты өнер көрсетіп, 2025 жылғы маусымды төртінші орынмен аяқтады. Осы нәтижесінің арқасында команда УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды.

2026 жылдың шілдесінде «Елімай» еурокубоктегі дебютін Арменияның «Алашкерт» клубына қарсы өткізді. Алғашқы кездесу 1:1 есебімен аяқталса, қарымта матчта командалар 2:2 есебімен тең түсті. Пенальти сериясында армяндық клуб 6:5 есебімен жеңіске жетіп, семейліктер турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде жарыстан шығып қалды.

Бас бапкердің міндетін семейлік футболдың түлегі, бұған дейін «Елімайдың» жастар командасымен жұмыс істеген Серікбек Қаппаров атқарады. Ол команданы Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турында басқарады.

Маусымның аяқталуына бір тур қалғанда «Елімай» 29 матчта 45 ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орында тұр. Өткен турда семейліктер Өскеменнің «Алтай» клубымен 2:2 есебімен тең түсті.

«Елімай» маусымдағы соңғы кездесуін 31 қазанда өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» командасына қарсы өткізеді.