Ақнұр Тұрсынғали U-19 Азия чемпионатының жартылай финалына шығып, жүлдені қамтамасыз етті

Фото: boxingkazakhstan
Қазақстандық боксшы Ақнұр Тұрсынғали Джакартада (Индонезия) өтіп жатқан U-19 Азия чемпионатының ширек финалдық кезеңінен сәтті өтті.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тұрсынғали Тайвань өкілі Ли-Чжун Линмен кездесіп, төрешілердің бөлінген шешімімен (4:1) жеңіске жетті. Осы нәтижесінің арқасында қазақстандық спортшы турнирдің жартылай финалына шығып, кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Бұған дейін қазақстандық боксшы Марал Төлепберген турнирдегі өнерін аяқтаған болатын. 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында ол Үндістан өкілі Джойшири Деви Широмға төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (0:5) жол берді.
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты Джакартада 3–16 шілде аралығында өтуде. Жарысқа 26 елден 400-ден астам боксшы қатысуда. Қазақстан құрамасы сапында 39 спортшы бар.