Ақтөбелік боксшы Азия чемпионын жеңіп, Қазақстан чемпионатында алтын алды

ҚБФ
Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жеңімпазы анықталды.
Финалдық кездесуде Ақтөбе облысының өкілі Дәулет Төлемісов Түркістан облысының атынан сынға түскен Азия чемпионы Сағындық Тоғамбайды жеңді.
Жекпе-жек барысында Төлемісов басымдық танытып, үш раундтың барлығында қарсыласынан үздік болды. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан ақтөбелік боксшының жеңісін тіркеді – 5:0.
Осылайша, Дәулет Төлемісов екінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанды. Былтыр ол 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарса, биыл 90 келіде алтын медаль жеңіп алды.
Ал Сағындық Тоғамбай өткен жылғы жетістігін қайталай алмады. 2025 жылы дәл осы салмақта ел чемпионы атанған боксшы биыл күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, Сағындық Тоғамбай 2024 жылғы Азия чемпионы және Азия ойындарының қола жүлдегері.
Дәулет Төлемісов бұған дейін Қазақстан құрамасы сапында World Boxing ұйымының Әлем кубогы кезеңіне қатысып, сәуір айында 1/8 финалда жарыс жолынан шыққан болатын.