«Арсенал» Бельгия чемпионатының үздік ойыншысын қатарға қосты

Бегасыл Амирбай ··
«Арсенал» ФК

«Арсенал» ФК

«Арсенал» Грекия құрамасының шабуылшысы Христос Цолиспен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады. Англия чемпионы бұл трансфер үшін бельгиялық «Брюггеге» 40 миллион еуро төледі.

24 жастағы футболшының ауысуы Бельгия чемпионаты тарихындағы ең қымбат трансфер болды. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін Цолис алғашқы әсерімен бөлісті.

«Меніңше, бәрін толық түсіну үшін маған біраз уақыт қажет. Англия чемпионы секілді үлкен клубпен келісімшартқа отыру керемет сезім. Жаңа маусым алдында осы команданың бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын», – деді Цолис.

Грекиялық шабуылшы соңғы екі маусымды «Брюгге» сапында өткізді. Осы уақыт ішінде ол барлық турнирде 108 матчқа қатысып, 43 гол соқты және 45 нәтижелі пас берді. Өткен маусымда Цолис 22 гол мен 29 нәтижелі пастың авторы болып, клубтың Бельгия чемпионатын жеңуіне үлес қосты. Сонымен қатар ол маусымның үздік ойыншысы атанды.

Цолис – грекиялық ПАОК академиясының түлегі. 2021 жылы ол ағылшынның «Норвич» клубына ауысып, Англия Премьер-лигасында 14 матч өткізді. Ал 2024 жылы «Брюггенің» ойыншысы атанды.

Грекия құрамасы сапындағы дебютін шабуылшы 2020 жылдың қазан айында жасады. Содан бері ұлттық құрама үшін 34 матч өткізіп, тоғыз гол соқты және үш нәтижелі пас берді.