«Арсенал» «Челсидің» көшбасшыларының біріне көз тікті

«Челси» ФК
«Челси» жартылай қорғаушысы Педру Нету «Арсеналдың» қызығушылық танытқан ойыншыларының қатарына қосылды. «Канонирлер» бас бапкері Микель Артета жазғы трансферлік терезе жабылғанға дейін команданың шабуыл шебін күшейткісі келеді.
Журналист Саймон Филлипстің мәліметінше, Нету «Арсенал» басшылығы қарастырып жатқан футболшылардың қатарында. Лондондық клуб трансферлік терезенің соңғы апталарында шабуыл шебін күшейтудің бірнеше нұсқасын зерттеп жатыр.
«Челси» 26 жастағы португалиялық футболшымен қоштасуды жоспарлап отырған жоқ. Дегенмен клубқа ұсыныстар түссе, оларды қарастыруға дайын. Нетоның өзі де осы жазда команда ауыстыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұған дейін вингерге «Манчестер Сити», «Ливерпуль» және «Тоттенхэм» қызығушылық танытып отырғаны хабарланған болатын.
Нету «Челси» сапында 2024 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда ол 52 матчқа қатысып, 10 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді. Лондонға ауысқанға дейін португалиялық футболшы «Вулверхэмптон», «Лацио» және «Брага» клубтарында ойнаған.