«Арсеналдың» Чемпиондар лигасының финалына шығу арқылы қанша табыс тапқаны белгілі болды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Лондондық «Арсенал» 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасындағы жарыс жолының нәтижесінде кем дегенде 105,6 миллион еуро көлеміндегі сыйақыға кепілдік алды. Бұл сома финалдық матчтың қорытындысына байланысты әлі де артуы мүмкін.

BBC мәліметінше, телехабар тарату құқықтарынан түсетін табысты қоса есептегенде, ағылшын клубының жалпы кірісі 150 миллион еуроға шығуы ықтимал.

Турнирдің негізгі кезеңіне қатысқаны үшін «Арсенал» 18,62 миллион еуро алды. Жалпы кезеңдегі жеңістері үшін клуб тағы 16,8 миллион еуро тапқан. Бұдан бөлек, алғашқы сегіздікке енгені үшін екі миллион еуро және жалпы кестеде бірінші орын алғаны үшін 9,9 миллион еуро көлемінде бонус алды.

1/8 финалға шыққаны үшін лондондықтарға 11 миллион еуро төленді. Ширек финал клуб қоржынына тағы 12,5 миллион еуро әкелсе, жартылай финал үшін 15 миллион еуро берілді. Ал финалға жолдама алғаны үшін «Арсеналға» 18,5 миллион еуро сыйақыға кепілдік берілген.

Егер Микель Артета шәкірттері финалда ПСЖ клубын жеңсе, жүлде қаржысы 25 миллион еуроға дейін өседі.

Чемпиондар лигасының финалы 30 мамыр күні Будапешттегі Пушкаш Арена стадионында өтеді. Шешуші кездесуде Пари Сен-Жермен мен Арсенал өзара күш сынасады. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де басталады.