ПСЖ «Ливерпуль» қорғаушысына басты үміткер атанды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Ливерпульдің» қорғаушысы Ибраима Конате мансабын Францияда жалғастыруы мүмкін. Қазіргі таңда франциялық футболшыны қатарына қосуға басты үміткер ретінде ПСЖ қарастырып отыр.

Daily Mail мәліметінше, 27 жастағы қорғаушының келесі клубы ретінде париждік команда көбірек аталуда. Бұған дейін Конате мен «Ливерпуль» жаңа келісімшарт бойынша ортақ мәмілеге келе алмағаны хабарланған еді. Сол себепті футболшы командадан еркін агент ретінде кетуі мүмкін.

Конате 2014 жылға дейін ПСЖ академиясында тәрбиеленген. Кейін ол «Сошо» клубының жүйесіне ауысты. Алайда қорғаушы кәсіби деңгейде Франция чемпионатында ешқашан өнер көрсеткен емес.

2021 жылдың жазында Ибраима Конате «РБ Лейпцигтен» «Ливерпульге» 40 миллион еуроға ауысты. Өткен маусымда француз қорғаушысы Англия Премьер-лигасында 36 матч өткізіп, бір гол соқты.