Арутюнян «Қайраттың» бас бапкері қызметіне неге тез бейімделгенін түсіндірді

Фото: Getty Images
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Жора Арутюнян Конференциялар лигасының төртінші турында Швецияның «Мьельбю» клубына қарсы матч алдындағы баспасөз мәслихатында негізгі командадағы жұмысы мен клуб тәрбиеленушілерінің еурокубоктардағы өнері туралы айтты.
Маманның сөзінше, негізгі команданың тізгінін ұстағаннан кейін жаңа қызметке бейімделу қиынға соқпаған. Өйткені ол футболшылардың басым көпшілігімен бұған дейін де жұмыс істеген. Сондықтан ойыншылар оның талаптары мен жұмыс істеу әдісін жақсы біледі.
«Негізгі командаға келгенде маған өте оңай болды. Себебі Еркін Тапаловтан басқа футболшылардың барлығы «Қайрат-Жастар» арқылы өткен. Кейбірімен балалар академиясында, енді біреулерімен ересектер академиясында немесе «Жастар» командасында жұмыс істедік. Сондықтан бәрі менің талаптарымды біледі.
Өз тәрбиеленушілеріміздің жоғары деңгейдегі кәсіпқой футболшылармен тең дәрежеде ойнап, бәсекеге түсе алатынын көру ерекше әсер сыйлайды. «Аталантаға» қарсы кездесуде академиямыздың көптеген түлегі алаңға шығып, жақсы деңгейде өнер көрсетті. Бапкер үшін бұдан асқан қуаныш жоқ», – деді Арутюнян.
Айта кетейік, Жора Арутюнян «Қайрат» клубының құрылымында 2013 жылдан бері жұмыс істейді.
Негізгі команданың бас бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалғанға дейін ол «Қайрат-Жастарды» жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда 2026 жылғы маусымда Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ маман алматылық клубтың жасөспірімдер командасын УЕФА Жастар лигасында басқарған.
«Мьельбюге» қарсы кездесу Арутюнян үшін «Қайраттың» негізгі командасын жаттықтырушы ретінде еурокубоктардағы алғашқы үй матчы болмақ.
Ойын 26 қарашада Алматының Орталық стадионында өтеді. Басталуы – Қазақстан уақытымен 20:30.
Үш турдың қорытындысы бойынша «Қайрат» екі ұпаймен Конференциялар лигасының жалпы турнирлік кестесінде 27-орында тұр. Ал жеті ұпай жинаған «Мьельбю» тоғызыншы сатыға жайғасқан.