Асаубаева АҚШ-тағы турнирдің соңғы туры алдында үшінші орында келеді

Фото: Lennart Ootes / Saint Louis Chess Club
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 халықаралық супертурнирінің сегізінші турында Қытай өкілі Тань Чжунъиен жеңілді.
Асаубаева партияны қара фигуралармен өткізіп, жарыс көшбасшысына есе жіберді. Жеке кездесуге дейін қазақстандық шахматшының еншісінде 4,5 ұпай болып, Тань Чжунъиден бір ұпайға қалып тұрған еді. Ал жетінші турда Асаубаева грек шахматшысы Ставрула Цолакидуны жеңіп, америкалық Элис Лимен ұпай санын теңестірген болатын.
Сегіз турдан кейін Тань Чжунъи 6,5 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді. Элис Ли 5,5 ұпаймен екінші орында болса, Асаубаева 4,5 ұпаймен үшінші сатыда тұр. Қорытынды, тоғызыншы турда қазақстандық шахматшы ақ фигуралармен үндістандық гроссмейстер Конеру Хампиға қарсы ойнайды.
Еске салайық, Cairns Cup-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды. Жарыс Saint Louis Chess Club клубында өтіп жатыр.